Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар гуманитарлық көмек жіберді

Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар гуманитарлық көмек жіберді
  • 9
  • 06.11.2023 15:55:00
  • 1 мин оқу

Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл туралы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

Ол Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс Газа секторында апатты гуманитарлық дағдарыс туғызғанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан да Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

«Бұл шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев UTC саммитінде мәлімдеді. Қазақстан үкіметі бөлген қаражат палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмысты ұйымдастыру үшін БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігіне аударылды», - деді Смадияров.

Бұл агенттік 1949 жылдан бері жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың, әсіресе балалар мен қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты міндеті екенін атап өтті.

Бүгінде Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында зардап шеккендерге гуманитарлық және материалдық көмек көрсету туралы шешімді Батыс, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдері қабылдады. Атап айтқанда, Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің мемлекеттері, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қытай, Түркия және т.б.

Соңғы мәліметтер бойынша, Газа секторында 10 мыңға жуық адам қаза тауып, 20 мыңнан астамы жараланған.

Құрбандардың үштен екісі әйелдер мен балалар. БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігінің мәліметінше, Газа секторының халқы қиын жағдайда және екі миллионнан астам адам азық-түлік көмегіне мұқтаж.

Дереккөз: Sputnik.kz

Copyrights © 2026 All Rights Reserved by Casia News