Қазақстан мен Түркия 2024 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды

Қазақстан мен Түркия 2024 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды
  • 9
  • 07.11.2023 13:02:00
  • 2 мин оқу

Анкарада ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов бірқатар кездесулер өткізіп, әскери нысандарды, әскери-өнеркәсіптік кешен мекемелері мен кәсіпорындарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл күндері Түркия Республикасының құрылғанына жүз жыл толуына орай іс-шаралар өтуде. «Анытқабыр» мемориалдық кешенінде Қазақстан делегациясының басшысы Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер келіссөздер жүргізді. Тараптар өзара мүдделі салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.

Ішкі істер министрлігі жандармерия бас қолбасшысы армия генералы Ариф Четин және Түркия Республикасы Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гергюнмен кездесулер өтті.

Құрлық әскерлерінің Әскери училищесінде Қазақстан Республикасы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен әңгімелесті. Оқу-жаттығуды ұйымдастыру, курсанттардың бос уақыты мен тұрмыстық жағдайын сұрады. Министр оларға әскери пәндерді игеруде табандылық тіледі. Оқу орнында алған білім мен дағды қызметке сенімді бастауға сенімді негіз болатынын атап өтті.

Сондай-ақ қазақстандық делегация авиациялық техника мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын Turkish Aerospace Industries - TUSAŞ Aerospace Industries біріккен компаниясында болды.

Кездесу нәтижесінде Түркия мен Қазақстан арасындағы 2024 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Хусайынов атап өткендей, Қазақстан мен Түркияны берік тарихи-мәдени байланыстар біріктіреді, бұл екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамуының кепілі болып табылады. Қорғаныс ведомстволары арасында әскери ғылым, білім, жауынгерлік дайындық салаларында ынтымақтастық орнатылып, әскери-техникалық ынтымақтастық жолға қойылуда.

Дереккөз: Inform.kz

Copyrights © 2026 All Rights Reserved by Casia News